Белсенді сотта "қарсы айып тағу құқығы шектелгенін" мәлімдеді

Ардақ Әшім, шымкенттік белсенді.

12 наурызда шымкенттік белсенді Сүйін Абулданың "қадыр-қасиеті мен ар-намысына тигені үшін" айыпталып жатқан белсенді Ардақ Әшімнің ісі бойынша сот жалғасты. Ардақ Әшім судьяға тұрғылықты мекен-жайы Абай ауданында болғандықтан істі Әл-Фараби аудандық сотының қарауға құзіреті жоқ екені туралы үшінші рет арыз бергенін мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшіcі.

Сот отырысында судья Еркін Оспанов мемлекет есебінен тегін қызмет көрсетуге ұсынылған адвокат Ардақ Әшімнің сенімсіздік білдіруіне байланысты қорғаудан бас тартқаны туралы арыз түсіргенін айтты. Ардақ Әшім адвокаттың сенімсіздік білдіру туралы сөзін жоққа шығарды.

5 наурызда өткен сот отырысында судья Еркін Оспанов Ардақ Әшімге мемлекет есебінен тегін қызмет көрсететін адвокат ұсынған. Ардақ Әшім судья ұсынған адвокат "уақыты болса да іспен таныспағанын, танысуға құлық танытпағанын, сондықтан тиісті құжаттарды беріп, сенім білдіре алмайтынын" айтқан еді. Сот айыпталушының адвокат жалдауына және қосымша дәлелдерін алып келуге уақыт берген.

- 3-5-наурыз күндері аудандық соттың кеңсесіне арызбен бірге тұрғылықты мекенжай туралы анықтаманы тіркеп өткіздім. Қазір тағы бір үлгісін сізге тапсырамын. Cонымен бірге жазбадағы қай сөз Сүйін Абулданың ар-намысына тигені көрсетілмегендіктен өзімнің қарсы айыптау құқығымның шектеліп отырғанын мәлімдеймін, - деді Ардақ Әшім.

Судья арызды қабылдап алып, істі қарау сағат 16:00-ге қалдырылғанын айтты.

Сүйін Абулда Ардақ Әшімді Facebook-те өзін "Марал Құрылтай" және "Қазақ қаны қазақ" атты аккаунттар ашып, тапсырыспен жұмыс істейтіні" туралы жазғаны үшін сотқа берген. Сүйін Абулда бұл акаунттарды ашпағанын айтып, Ардақ Әшімді "қадыр-қасиетім мен ар-намысыма тіл тигізді" деп айыптайды. "Жазған сөзіне дәлелім бар деді, енді сол дәлелін ұсынсын" деген.

Сот белсенді Сүйін Абулданың бір миллион теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын өндіріске қабылдап, Қылмыстық кодекстің 130-бабы ("жала жабу") және 131-бабы ("қорлау") бойынша қарауға алған.