ТЖД: Аягөз ауданында тағы ондаған үйді су басқаны анықталды

Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар су басқан аулалардан суды шығарып жатыр. Сурет Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінен алынды.

Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) хабарлауынша, облыста 14 наурыз күні әлі жеті үйді су басып тұр. Олардың бесеуі – Өскеменде, екеуі – Күршім ауданында. Аягөз ауданында комиссияның тексеруінен соң тағы 89 үйді су басқаны анықталған. Бұған дейін қар тез еріп, жауынның мол түсуінен 40 шақты үйді басқаны хабарланған еді.

Департамент барлық үй мен аулалардың сыртындағы судың қайтқанын, эвакуацияланған адамдардың біразы жергілікті мектеп интернатта тұрып жатқанын хабарлады. "Аягөз ауданында су басудан соң 200-ден астам адам үйлеріне оралған" деп хабарлады ТЖД 14 наурыз күні.

Өткен аптада қардың күрт еріп, жауын-шашынның қалыпты мөлшерден мол түсуінен облыстың бірнеше ауданында ондаған үйді су басқан. Аягөз ауданында жүздеген адам эвакуацияланған.

13 наурыз күні ТЖД 136 үйден су қайтқанын, алты үйде ғана су тұрғанын хабарлаған еді. Облыс билігі су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету штабы құрылғанын жариялады.

Видео: Су басқан аймаққа көмек көрсету (13.03.2018)