Америкалық демократ сенатор Роберт Менендес АҚШ президенті Дональд Трампты Ресей Бас барлау басқармасының (ГРУ) бұрынғы офицері Сергей Скрпиальдің улануына байланысты Ресейді терроризмді қаржыландыратын елдер тізіміне қосу жайын ойластыруға шақырды. Бұл туралы Washington Examiner сайты хабарлады.
Сенаттың халықаралық істер комитетінің мүшесі Менендестің пікірінше, АҚШ Ресей химиялық қаруды қолдануға қатысты тыйымды бұзғаны үшін оған жаңа санкциялар салуытиіс. Сенатор бұған Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның ағасы уланып қаза тапқан соң АҚШ-тың бұл елге санкция салғанын мысалға келтірді.
Сенатордың пікірінше, АҚШ Ұлыбританияны Скрипаль мен қызының Ресейде жасалған, жүйкені жансыздандыратын затпен улануын тергеуде қолдауы тиіс. Ол Трампты Ресей билігінің әлемде АҚШ пен оның одақтастарына төндіріп отырған қаупін мойындауға шақырды.
Кеше Дональд Трамп пен Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Скрипаль ісін телефонмен талқылаған. Екі ел басшылары да халықаралық нормаларды өрескел бұзып, қауіпті затты қолданғандар жазалануы тиіс деген.
12 наурызда Тереза Мэй Ұлыбритания парламентінде Сергей Скрипальге қастандық жасау әрекетін Кремль ұйымдастырған болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Оқи отырыңыз: Кремль жауларын құртуға пайдаланған улар
Сергей Скрипаль мен қызы Юлия 4 наурыз күні Ұлыбританияның оңтүстігіндегі Солсбери қаласында белгісіз заттан уланып, ауруханаға түскен. Олар содан бері ауруханада ауыр халде жатыр. Британдық тергеушілердің болжамынша, Скрипаль мен қызы СССР тұсында жасалған, жүйкені жансыздандыратын қауіпті химиялық заттан уланған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров 13 наурызда Скрипальді улауға қатысы барын жоққа шығарған.