АҚШ президенті Дональд Трамп жыл сайынғы дәстүр бойынша ирандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, Иран билігі мен ықпалды Ислам революциясы сақшыларының корпусын сынай мәлімдеме жасады.
"Әлемде көктем келуін тойлайтын миллиондаған адамды тамаша және берекелі Наурыз мерекесімен құттықтаймын" деді Трамп 19 наурыз күні түнге қарай таратқан құттықтауында. Дегенмен ол "Иран халқы елге қызмет қылудың орнына өзіне қызмет ететін басшылардың тепкісіне түскеніне сенімді екенін" айтты.
Трамп әсіресе Ислам революциясы сақшылары корпусын "шетелдерде терроризмді қаржыландыру үшін Иран халқын тонап отырған қаскүнем армия" деп атады.
АҚШ президенті сақшылар корпусы "Сирия үкіметін және Сирия, Ирак пен Йемендегі шииттік топтарды қолдауға 16 миллиард доллар қаржы жұмсағанын" мәлімдеді. Ол сонымен қатар сақшылар корпусын "Иран халқын кедейшілікке түсірді, азаматтық құқықтарын шектеді және қоршаған ортаға зардап келтірді" деп айыптады.
Трамп былтырғы Наурыз мейрамына орай құттықтауында Иран саясаты жайында ешнәрсе айтпаған еді.
АҚШ Мемлекеттік департаменті де Наурыз мерекесіне байланысты құттықтау жолдап, биыл жыл басынан бері үкіметке қарсы үш рет наразылық танытқан ирандықтарды мақтады.
"Былтыр, еркіндік, ар-ұждан және адам құқықтарының қорғалуын талап етіп, барынша үн шығара бастаған Иран халқы мені жігерлендірді. АҚШ өздерінің ой-пікірін білдіру, дін ұстану және бейбіт жиын өткізу еркіндігін қалпына келтіруге ұмтылатындарды қолдайды. Наурыз – болашақтан нені үміт ететінімізді ойланатын уақыт. Келер жыл барлығына бейбітшілік, еркіндік және көркею жылы болсын" деді мемлекеттік хатшының орынбасары Джон Салливан.
Джон Салливан Наурыз мейрамымен ирандықтарды ғана емес, Ауғанстан, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Түркіменстан және басқа да елдердегі бұл мерекені атап өтетін азаматтарды құттықтайтынын айтты.
Орталық Азия мен Кавказ және Таяу Шығыстағы миллиондаған адам 21 наурызда жыл басы - көктемгі күн мен түннің теңелуі ретінде танылған Наурыз мерекесін тойлай бастайды. БҰҰ Бас ассамблеясы 2010 жылы Албания, Ауғанстан, Әзербайжан Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Македония, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия және Үндістанның ұсынысымен 21 наурызды Халықаралық наурыз күні деп белгілеген.