АҚШ Қытайға қарсы сауда шараларын қабылдады

АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін кей тауар түрлеріне баж салығы мен шектеулер енгізетін құжатқа қол қойды. Қол қою рәсімі кезінде Трамп бұл шара Қытайдан жыл сайын келетін "шамамен 50 миллиард доллардың" тауарына қатысты екенін айтқан.

Бұған қоса Ақ үй басшысы Қытайдың АҚШ-қа құятын инвестициясын шектеуге де бағытталған шараларды әзірлеуді тапсырды.

Баж салығы салынатын қытай тауарлары тізімі екі аптадан кейін дайын болмақ. Трамптың пікірінше, АҚШ сауда қатынастарында Қытайға есе жіберіп келе жатыр. Сол тәрізді "Еуропа Одағы мен Оңтүстік Корея да алақол сауда жасап отыр" деп санайды АҚШ президенті.

Бұған дейін, наурыздың 9-ы күні президент Трамп АҚШ-қа сырттан әкелінетін болат пен аллюминийге баж салығын енгізу туралы жарлыққа қол қойған. Еуропа Одағы бұған жауап ретінде тиісті шаралар қабылдауға уәде еткен соң АҚШ Брюссель мен тағы бірнеше елді жаңа баж салығы салынатындар қатарынан уақытша шығарған.