АҚШ астанасы Вашингтонда сенбі күні "Өміріміз үшін шеру" акциясына жиналған 300 мыңнан астам адам атыс қаруын сату және алып жүруге бақылауды күшейтуді талап етті. Мыңдаған адам қатысқан мұндай шерулер АҚШ-тың ондаған басқа қаласында, сонымен бірге шетелдерде өткен.
Бақылаушылар Вашингтондағы шеруді Вьетнамдағы соғысқа қарсылық қозғалысы кезінен бері жастар жаппай қатысқан ең көлемді шара деп бағалайды. "Өміріміз үшін шеру" ұранымен өткен наразылық акциясына шыққандардың көбі – мектеп оқушылары мен жастар. Вашингтондағы демонстрацияға көптеген өзге штаттардан автобустармен арнайы келген адамдар да қатысты.
Кең ауқымды наразылық акциясына биыл ақпанның 14-і күні Поркленд қаласындағы мектепте 17 шәкірттің оққа ұшуы себеп болған. Осы мектептің 19 жастағы бұрынғы оқушысы қарудан оқ жаудырған. Дәл осы Marjory Stoneman Douglas мектебінің оқушыларының қаруға бақылауды қатайту талабымен көтерген бастамасыжалпыұлттық қозғалысқа ұласты деп хабарлайды "Америка дауысы". Сауалнама нәтижелері бойынша, бұл шара қоғамдық пікірге елеулі әсер еткен – АҚШ-та қару саудасына шектеу енгізуді жақтайтындар қатары көбейгені байқалып отыр.
"Өміріміз үшін шеруде" сөйлегендер еш партияға бүйрегі бұрмайтынын, сондықтан Конгресс сайлауы кезінде өз талаптарын қолдайтын кандидатқа дауыс беруге шақыратындарын айтады. Әйткенмен қару сатуды шектеуді жақтайтындар әдетте демократтар арасында басым. Ал қару саудасын шектеуге қарсылық танытып келе жатқан АҚШ Ұлттық қару ассоциациясы бұрыннан республикашылдарды қолдайды.
Наразылық шеруіне мәдениет пен шоу-бизнестің көптеген жұлдыздары қолдау білдірді. Олардың арасында әйгілі музыкант Пол Маккартни де бар:
АҚШ әділет министрі – бас прокурор Джефф Сешнс қарудың жіктелуі мен түрлеріне қатысты заңға өзгеріс енгізуге күш салатыны туралы мәлімдеген. Сешнс жартылай автоматты "дүмі сырғымалы" қаруды автоматты қаруға жатқызуды ұсынған. Өткен жылы Лас-Вегастағы концерт кезінде 58 адамды атып өлтіріп, жүздеген адамды жаралаған қылмыскер дәл осындай қаруды қолданған.
АҚШ-та жеке азаматтарға автоматты қару сатуға және ондай қаруға иелік етуге тыйым салынған. Әділет министрлігінің ұсынысы қолдау тауып, федералдық деңгейде тиісті заң өзгерісі қабылданса, онда бүкіл ел көлемінде әлгіндей қаруға тыйым салынады деп жазады америкалық басылымдар.