Германияда Каталонияның экс-басшысы Пучдемон ұсталған

Карлес Пучдемон

Германия полициясы Испанияның Каталония автономиялық аймағының бұрынғы басшысы Карлес Пучдемонды ұстағаны туралы оның адвокаты Алонсо-Куэвилльс Twitter әлеуметтік желісіндегі парағында хабарлады. Оның жазуынша, Пучдемонды жексенбі күні Дания шекарасынан Германияға өткен кезде ұстап, полиция бөліміне апарған.

Адвокаттың сөзінше, Пучдемон Бельгияға бармақ болған. Былтыр қазанда Пучдемон басқарған үкімет Каталонияда референдум өткізіп, аймақ тәуелсіздігін жариялаған соң Мадрид ол шешімді заңсыз деп танып, Каталония парламенті мен үкіметін таратқан және аймақты орталықтан тікелей басқаруды енгізген. Испания прокуратурасы "бүлік ұйымдастырған" деген айыппен үстінен іс қозғаған Пучдемон Бельгияға кетіп қалған. Испанияда оған тағылған айып бойынша 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Карлес Пучдемон Финляндияға барғаннан кейін, наурыздың 23-і күні Испания Жоғарғы соты оны тұтқындау туралы бұған дейін қайтарып алған халықаралық ордерді қайта күшіне енгізген. Пучдемонмен бірге каталониялық тағы бес жікшілді ұстау туралы шешім шығарған.