АҚШ Қытай тауарларына жаңа баж салығын салмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин. Пекин, 11 қараша 2017 жыл.

АҚШ билігі 25 пайыз баж салығы салынатын Қытай тауарларының тізімін жариялады.

Тізімде Қытайда жасалған өнеркәсіп, транспорт және медициналық құрал-жабдық атауы ілінген. Негізінен ұшақ, жерсеріктері мен көліктердің қосалқы бөлшектері, станоктар мен теміржол және медициналық құрал-жабдықтарға салық салынбақ. Жыл сайын АҚШ-қа импортталатын осындай тауарларға 50 миллиард доллар көлемінде салық салынбақ. АҚШ жаңа санкциялар Қытайды америкалық интеллектуалдық меншікті ұрлағаны үшін жазалау ретінде салынды деп түсіндіреді.

Санкцияға тұрмыстық электроника заттары, оның ішінде Қытайда құрастырылатын Apple компаниясының ұялы телефондары мен Dell компаниясының компьютерлері және аяқ-киім мен киім-кешек әілінбеген.

Пекин АҚШ-тың бұл әрекетін айыптап, жауап шараларын жасайтынын мәлімдеді. Сарапшылардың есебінше, Қытай ең алдымен АҚШ соясына, ұшақтары мен станоктарына санкция салуы мүмкін.

Қытайдың АҚШ-пен сауда-саттық айналымының оң балансы 2017 жылы 375 миллиард долларға жеткен. Доанльд Трамп әкімшілігі қытайлық серіктестерден оны 100 миллиард долларға дейін азайтуды талап етіп отыр.