АҚШ-та Ресейдің елдегі президент сайлауына ықтимал килігуін тексеретін арнайы прокурор Роберт Мюллердің тергеу тобы елде сапарлап жүрген ресейлік екі олигархпен сөйлесті деп хабарлады CNN телекомпаниясы. Ресейлік олигархтардың кім екені және олардың АҚШ-қа қашан барғаны белгісіз.
Телекомпания дереккөздері ресейлік олигархтарға "Іс басындағы президент Дональд Трамптың сайлау кампаниясына немесе оны ұлықтау салтанатына Ресейден қандай да бір тікелей немесе жанама қаржылай демеушілік жасалғаны туралы білесіз бе?" деген сауал қойылғанын айтады. Тергеушілер жанама демеу дегенде америкалық азаматтар, сараптама орталықтары немесе саяси қызметпен айналысатын комитеттер арқылы қолдау көрсетуді меңзеген.
Үлкен Нью-Йорк ауданындағы аэродромға қонған бір олигархтың жекеменшік ұшағында жеке электрондық құрылғылары тексерілген.
АҚШ тергеушілері соңғы уақытта АҚШ-қа бармай кеткен ресейлік олигархтан тергеушілерді қызықтырған сауалдарға өз еркімен жауап беруін бейресми түрде сұраған.
CNN-нің хабарлауынша, бұл әрекеттер тергеушілерде ресейлік азаматтардың Трамптың сайлауалды кампаниясын тікелей немесе жанама қаржылай демеушілікпен айналысқанына қатысты құжаттар барын айғақтауы мүмкін. Енді арнайы прокурор Роберт Мюллер АҚШ-қа келетін Ресей азаматтарынан қосымша ақпарат алуға тырысып жатыр.
АҚШ заңдары бойынша, кандидаттардың сайлауалды кампаниясын шетелдіктердің қаржыландыруына тыйым салынған.