Сот белсенді Есентаевтың өтінішін қанағаттандырмады

Жанат Есентаев.

5 сәуірде Батыс Қазақстан облыстық сотының аппелациялық коллегиясының судьясы Ниязбек Ділдәбеков бард ақын және қоғам белсендісі Жанат Есентаевтың мерізімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.

Авторлық әндерінде Қазақстан билігін сынайтын 47 жастағы Орал қаласының тұрғыны Жанат Есентаев "Facebook әлеуметтік желісінде 2016 жылы ұлтаралық араздық тудырды" деген айыппен екі жарым жылға бас бостандығы шектелген.

Екі ай қамақта отырған Есентаев процессуалды келісімге келіп, 2016 жылы сот залынан босап шыққан.

Судья Орал қалалық сотының 1 наурыздағы шешімін күшінде қалдырды. Бұған дейін 2017 жылы Есентаевтың мерізімінен бұрын босату туралы өтініші қанағаттандырылмаған.

Сотта прокуратура Есентаев бостандыққа шыққаннан кейін сот шешімімен қарамастан Facebook-те екі рет "саяси бағыттағы" жазба қалдырғанын айтты.

Есентаевтың сөзінше, пробация қызметі желідегі жазбаның саяси қыры барын дәлелдей алмаған. Ал бас бостандығын шектеу оның жұмысқа тұруына, емделуіне, банктік операциялар жасауына, несие мен коммуналдық қызмет үшін ақы төлеуіне кедергі келтіреді.

Белсендінің жаза мерізімі осы жылдың желтоқсан айында аяқталады.