12 сәуірден бастап Ташкент пен Алматы арасында халықаралық жолаушылар автобусы қатынай бастайды. "Өзбекавтотранс" компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ташкент – Алматы бағытындағы халықаралық жолаушылар автобусы күніне үш рет (сағат 16:00, 17:00 және 18:00-де) "Ташкент автовокзалынан қатынайды. Ал Алматы - Ташкент автобусы "Сайран" автовокзалынан жүреді.
Маршрут ұзақтығы 818 километр, автобус жолда 16 сағат 30 минут жүреді. Оның ішінде автобус жарты сағат "Гишткуприк" (Өзбекстан) және "Жібек Жолы" (Қазақстан) кеден және шекара бақылау бекетінен өтеді.
Билет құны Ташкенттен шыққанда 100 мың сум (12 доллар шамасында) және Алматыдан шыққанда 4000 теңге болып белгіленген.
Компания ақпаратына қарағанда, екі елдің кеден және шекара қызметтері Ташкент - Алматы - Ташкент бағытында жүретін автобустар мен жолаушыларды шекарадан жеңілдетілген тәртіпте өткізу мәселелерін шешіп қойған.