АҚШ Сирияда сегіз нысанаға соққы беруді ойластырып отыр деп хабарлды өз дереккөздеріне сілтеген CNBC телеарнасы. БАҚ ақпаратына қарағанда, соққы екі әскери аэродромға, зерттеу орталығына және Вашингтон ақпараты бойынша химиялық қару жасалынады делінген кәсіпорынға жасалады. Бұл нысандардың қандай аудандарда орналасқаны әзірге айтылмайды.
CNBC сонымен қатар Сирия үкімет әскерінің қолбасшылығы Сирия әскери-әуе күштерінің ұшақтарын Ресей әскерилері орналасқан аэродромдарға шоғырландырып жатқанын айтады.
АҚШ президенті Дональд Трамп 11 сәуірде Дума қаласындағы ықтимал химиялық шабуылға жауап ретінде Сирия аумағына зымыраннан соққы жасауы мүмкін екенін ескерткен.
Сәуірдің 7-сі күні Сирияның Дума қаласында ықтимал химиялық шабуыл жасалған. Салдарынан 60-тан астам қаза тауып, жүздеген адам зардап шеккен. Батыс елдері химиялық шабуыл Асад әскерінің ісі деп санайды. Дамаск мен Ресей бұл айыптауларды терістеп келеді.
Ақ үйдің хабарлауынша, Трамп Сирияға соққы беруге қатысты түпкілікті шешімін әлі қабылдаған жоқ. БҰҰ Сириядағы жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін деп ескертіп, тараптарды келіссөзге және ымыраға шақырған.