Атырауда 2016 жылғы сәуірде өткен "жер шеруіне" қатысқаннан кейін бес жылға сотталған жергілікті белсенді Талғат Аян бостандыққа шығатын болды деп хабарлады Азаттыққа оның әкесі әрі адвокаты Төлепқали Аянов. Оның сөзінше, сәуірдің 13-і күні Ақтөбе қалалық №2 соты қазіргі кезде осы қаладағы К-168/2 колониясында қамауда отырған Талғат Аянның ісі бойынша наурыздың 25-і күні түскен өтінішті қараған.
- Судья Теңізбай Алданов Талғаттың жазасының қалған бөлігін бас бостандығын шектеу түріне өзгерту туралы шешім қабылдады. Прокурор қарсылық білдірген жоқ, сот шешімі сәуірдің 29-ында күшіне енеді, - деді Төлепқали Аянов.
2016 жылғы 24 сәуірде Атыраудағы митингіге, кей деректер бойынша, бірнеше жүзден бірнеше мыңға дейін адам қатысқан. Бейбіт түрде өткен шеруге жиналған жұртқа Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді шетелдіктерге сатпау және жалға бермеу жайлы халық талабын Ақордаға жеткізуге және жергілікті белсенділерді қудаламауға уәде берген болатын.
Атыраудағы митингіден кейін жер мәселесіне қатысты жаппай акциялар Қазақстанның өзге қалаларында да өткен. Бұл шерулерден кейін Қазақстан билігі Жер кодексіндегі даулы [шетелдіктерге ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді ұзақ мерзімге жалға беру және сату мүмкіндігін қарастыратын] баптарға мораторий жариялаған.
Азаттық видеосы: Қазақстандағы 2016 жылғы жер дауы
Your browser doesn’t support HTML5
Атыраудағы митингіден кейін көп ұзамай белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян қамауға алынып, екеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс қозғалды. 2016 жылғы қарашада Атырау қалалық №2 соты Боқаев пен Аянды "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпарат таратты" және "митинг өткізу заңдарын бұзды" деп танып, бес жылға бас бостандықтарынан айыруға үкім еткен. Екі белсенді өздеріне тағылған айыптың саяси астары бар деп мәлімдеп, оны мойындаудан бас тартқан.
Оқи отырыңыз: Макс Боқаев пен Талғат Аян бес жылға сотталды
Талғат Аянның адвокаты Төлепқали Аяновтың үкімге наразылық білдіріп, Қазақстандағы сот инстанцяларына жазған арыздарының ешбірі қанағаттандырылмады.
Туыстары мен құқық қорғаушылар сотталған белсенділерді Қазақстан заңына сәйкес тұрғылықты жері бойынша жаза өтеуге жібереді деп күткен еді. Алайда Боқаев пен Аянды әуелі Ақтөбедегі түрмеге жіберіп, кейін Алматы арқылы этаппен Солтүстік Қазақстан облысындағы ЕС-164/3 қамау мекемесіне жөнелткен. Адвокаттары сотталған белсенділерді қолданыстағы заңға сәйкес жазасын өтеуге тұрғылықты аймаққа жіберуді сұрап бірнеше рет шағым берген.
2017 жылғы тамызда Талғат Аянды Ақтөбедегі К-168/2 колониясына ауыстырып, Макс Боқаевты Петропавлдағы түрмеде қалдырған еді. Тұтқын Боқаевты жақында Павлодарға "емдеуге" жібергені туралы Азаттық хабарлаған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Талғат Аян мен Макс Боқаевты ар-ождан тұтқындары деп жариялап, Қазақстан билігін белсенділерге бостандық беруге талай мәрте шақырған.