Өзбекстанда ардагерлерге ақшалай сый беріледі

Шавкат Мирзияев соғыс ардагерлерімен кездескен сәт. 2017 жыл.

Өзбекстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне бір мәрте сыйлық ретінде 5 миллион сум (618 доллар) беріледі. Президент Шавкат Мирзияев осындай жарлыққа қол қойды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ақшалай сыйлықтар республикалық бюджеттен төленеді. Президент Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер министрлігіне, Мемлекеттік қауіпсіздік қызметіне Қаржы министрлігі және Орталық банкпен бірлесіп, сыйлықтарды ардагерлерге салтанатты түрде табыстауды тапсырды. 2017 жылы ардагерлерге сый ретінде 2 миллион сумнан берілген.

Шавкат Мирзияев жалғыз тұратын және жағдайы төмен ардагерлердің баспаналарын жөндеуді тапсырды. Сонымен бірге аймақтардағы соғыс және тыл ардагерлері мерекелік шараларға қатысу үшін Ташкентке тегін сапарлайды.