Ресей шетелде жүрген студенттерді елге шақырды 

Көрнекі сурет.

"Россотрудничество" федералдық агенттігі Ресеймен "достық нашарлаған" Ұлыбритания және басқа да мемлекеттердегі ресейлік студенттердің елге қайтуына жағдай жасайтын бағдарлама ашты. Бұл туралы "Коммерсантъ" газеті жазды.

"Highly Likely Welcome Back" (немесе "Үйге қайтатын кез жетті") жобасын жасаушылар шет елде оқып жатқан ресейлік студенттердің "саяси себептерге" байланысты елге оралғысы келетініне сенімді. Бастама авторларының сөзінше, бұл жоба қауіпсіздік пен ресейлік жастарды арандатудан қорғау үшін қолға алынған. Оралған студенттерге Мәскеуде оқуын жалғастыруына немесе Қиыр Шығыста жұмысқа орналасуға көмектесуге уәде етеді.

Ресей білім және ғылым министрлігінің дерегінше, 2017 жылы шет елде 60 мың ресейлік білім алған.

"Коммерсантъ" жүргізген сауалнамаға қатысқан Ұлыбританиядағы ресейлік студенттер мен сарапшылар ешқандай қысым көрмегендерін айтқан. Мәскеудегі Ұлыбритания елшілігі "білім алуға немесе саяхаттап келетін ресейліктерге есік ашық" екенін мәлімдеген.