БАҚ: ЦРУ басшысы Майк Помпео Ким Чен Ынмен кездескен

Ким Чен Ын, Солтүстік Корея басшысы.

АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) директоры Майк Помпео Пхеньянда Солтүстік Корея Корея басшысы Ким Чен Ынмен құпия түрде кездесті деп хабарлады америкалық БАҚ. Кездесу екі аптадан астам уақыт бұрын болған.

Помпео Пхеньянға АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы мамырдың соңы, я маусымның басында өтуі мүмкін саммитке дайындық аясында барған. Бірнеше күн бұрын Помпео сенатта өзінің мемлекеттік хатшы қызметіне кандидатурасын талқылаған тыңдауда алдағы саммитке қатысты оптимистік көңіл-күйде екенін білдірген. Помпео саммитте "АҚШ пен әлем асыға күтіп отырған" нәтижеге қол жетуі мүмкін екенін айтқан.

17 сәуір күні АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен кездескен соң жоғары деңгейдегі кездесуді өткізетін бес орын қарастырылып жатқанын және оның барлығы АҚШ аумағынан тыс жерде екенін хабарлаған. Трамп екі тарап та саммит қарсаңында "оң ниетте" екенін, дегенмен, "соңында түпкілікті нәтиже маңызды" екенін айтқан.