Шымкентте мұғалімнің сот шешіміне шағымы қарала бастады

Шымкенттегі №38 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәлімбаева сотта отыр. Шымкент, 18 сәуір 2018 жыл.

18 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облыстық соты №38 мектептің мұғалімі, "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін" айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның Шымкенттің Еңбекші аудандық сотының судьясы Света Нұрбекованың шығарған қаулысына түсірген апелляциялық шағымын қарай бастады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Гүлжан Сәлімбаева шағымында №38 мектептің, қалалық білім бөлімін, қала әкімін, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасын, облыс әкімін, облыстық білім және ғылым саласын бақылау департаментін, білім және ғылым саласын бақылау комитетін, Білім және ғылым министрлігін "педагогикалық әдепті бұзды" деп, ал өзін "міндетінен тыс, заңсыз жұмысқа тартылды" деп тану және моральдық шығын өндіру мен басқа да заң бұзушылықты анықтауды сұрайды.

Сот отырысына сот алқасымен бірге арызданушы Гүлжан Сәлімбаева және оның төрт қоғамдық қорғаушысы және оны қолдаушы белсенділер, жауаптылар - №38 мектеп директорының орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова, мектеп директорының сенімді өкілі, қалалық білім бөлімі мен облыстық білім және ғылым саласын бақылау департаментінің өкілдері қатысып жатыр.

Сот алқасы әуелі арызданушы Гүлжан Сәлімбаева мен оның сенімді өкілдеріне сөз берді.

Сәлімбаеваның сенімді өкілі Жаңабек Әбішев апелляциялық шағым берудің себебін түсіндіріп, Еңбекші аудандық сотының шешімімен келіспейтінін жеткізді.

- Бұл істе Еңбек кодексі, "Білім туралы" заң, Конституциялық құқық бұзылып отыр. Егер апелляциялық шағым қанағаттандырылмаса, Жоғарғы сотқа шағым түсіреміз, деді Гүлжан Сәлімбаеваның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова.

Гүлжан Сәлімбаева Азаттыққа облыстық соттан өзінің міндетінен тыс жұмысқа тартылғанын тануды, моральдық шығын өндіріп беруді және Еңбекші аудандық сотының шешімін жоққа шығаруды сұрап отырғанын айтты.

Оқи отырыңыз: Мұғалім мен директор дауы

№38 мектеп директорының қорғаушысы Нұрдәулет Мұсақұлов апелляциялық шағыммен келіспейтінін айтады. "Біз бұл іс бойынша ешбір заң бұзушылық көрмей тұрмыз" деді ол.

Бұған дейін №38 мектеп мектеп директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова Гүлжан Сәлімбаевадан моральдық шығын талап етіп Еңбекші аудандық соты, Абай аудандық соты және әл-Фараби аудандық сотына арыз түсіргенімен, сот шағымды қанағаттандырмаған.