Беларусь онлайн БАҚ пен әлеуметтік желіге бақылауды күшейтпек

Беларусь президенті Александр Лукашенко парламентет сөйлеп тұр, Минск (Көрнекі сурет).

Беларусь парламентінің төменгі палатасы елдің БАҚ туралы заңына онлайн ақпараттық сайттары мен әлеуметтік желілерге бақылауды күшейтетін өзгерістер енгізу жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. 19 сәуірде өткен талқылауда заң жобасын 98 депутат қолдап, екі депутат қарсы дауыс берді.

Заң жобасы күшіне енуі үшін төменгі палата оны енді кем дегенде тағы бір оқылымда мақұлдауы тиіс.

Өзгерістер жобасында онлайн ақпарат тарататын заңды тұлғаны Ақпарат министрлігінде медиа құрылым тіркеуден өтуге міндеттеу қарастырылған. Сонымен қатар, жеке адамдардың өз атына ақпараттық вебсайт тіркеуіне рұқсат берілмейді және жеке адамның өз атынан ақпарат таратуына тыйым салынады.

Тіркелмеген ақпараттық сайттарда жұмыс істейтін журналистерге аккредитация берілмейді, сондықтан олар ресми органдардан комментарий алу құқығынан айырылады. Сонымен қатар тіркелмеген сайттарда жұмыс істейтін журналистердің аудио және бейне жазба жасауына рұқсат етілмейді.

Бұған қоса, тіркелмеген ақпарат құралдары ақпарат алған дереккөзін құпия ұстау құқығынан айырылады.

Еуропа парламенті 19 сәуірде Беларусьтегі тәуелсіз БАҚ-ты қудалауды айыптап, Киевті БАҚ туралы заңына енгізілетін өзгерістерді қабылдамауға шақыратын қарар қабылдаған.

Қарарда еуропалық депутаттар сонымен бірге Беларусьтегі барлық бұрынғы саяси тұтқындарды толық ақтап, олардың азаматтық және саяси құқықтарын қалпына келтіруге шақырады.