Ұлыбритания полиция мен арнайы қызметі Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улауы мүмкін екі күдіктіні анықтаған. Олар қазір Ресей аумағында жүр. Бұл туралы жеке дереккөзіне сілтеме жасаған The Telegraph газеті хабарлады.
Басылым күдіктілердің есімін жарияламаған. Тергеушілер видеокамераларды тексеріп, Ұлыбританияға ұшып келген және елден шыққан жолаушылардың тізімін тексерген. Осы деректер негізінде полиция Скрипальдарды улауы мүмкін деп екі адамнан күдіктенеді. Газеттің жазуынша, Ресей күдіктілерді Ұлыбританияға бермеуі мүмкін.
Биыл 4 наурызда Солсбери қаласының орталығында улы заттан қатты зардап шегіп, ес-түссіз халде табылған әкелі-балалы Скрипальдар кейін ауруханада өз-өзіне келген.
Британ үкіметі Ресей барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипаль мен оның қызы Юлияны улауға Мәскеу жауапты деп санайды. Ресей өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Лондон "Скрипаль ісін" тергеу аясында ресейлік 23 дипломатты елден шығарған. 20 шақты мемлекет Ұлыбританияға қолдау көрсетіп, жиыны 100-ден астам ресейлік дипломатты еліне қайтарған.