БҚО дін істер басқармасының экс-басшысы жазаланды

БҚО дін істері басқармасының бұрынғы жетекшісі Саялбек Ғиззатов

Батыс Қазақстан облысы дін істері басқармасының бұрынғы жетекшісі Саялбек Ғиззатов пара беруге итермелегені үшін жазаланды.

Сот құжаттарындағы мәлімет бойынша, Ғиззатов дін мәселелерін зерттеу орталығының жетекшісі Азамат Әбдрахмановты Мемлекеттік аудит департаменті БҚО бойынша бөлімінің жетекшісі Кенжеаным Ермекқалиеваға 200 мың теңге пара беруге үгіттеген.

Ермекқалиева экстремизммен күреске бөлінген бюджет қаржысын тексергенде заң бұзушылықтарды анықтаған. Соттың дерегінше, Ғиззатов "заң бұзушылықтарды аудиторлық актіде" көрсетпеу үшін пара бермек болған. Ермекқалиева пара алып жатқан жерінде ұсталған.

Ермекқалиеваға 12 миллион, Ғиззатовқа 6 миллион теңге айыппұл салынды. Сот шешімімен екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметке жұмыс істей алмайды.