Еревандағы премьер-министр Серж Саргсяннің отставкаға кетуін талап етіп жатқан шеруге әскери форма киген ондаған адам қосылып, өздерінің "халықпен бірге екенін" мәлімдеді деп хабарлайды Азаттықтың Армян редакциясы. Бұған қоса Ереванда оппозициялық қозғалыстың жетекшісі, наразылық акцияларын басқаратын Никол Пашинян қамаудан босатылды. Пашинянмен бірге оппозициялық депутаттар Сасун Микаелян және Арарат Мирзоян да бостандыққа шықты.
Пашинян өзін не себепті босатқаны туралы сұраққа "Себебі билік ауысты, билік халықтың қолына көшті" деп мәлімдеді. Пашинян мен оппозициялық депутаттар 22 сәуір күні ұсталған.
Арменияда Саргсяннің отставкаға кетуін талап еткен акциялар 11-күнге ұласты. Пашинян жариялаған бейбіт азаматтық бағынбау кампаниясы аясында мыңдаған демонстрант Ереванда күн сайын шеру мен митинг өткізіп, көшелерді жауып, көлік қозғалысын шектеп жатыр.
Бүгін бұдан ертерек Армения президентінің резиденциясында премьер-министр Серж Саргсян, президент Армен Саркисян, бірінші вице-премьер Карен Карапетян және Таулы Қарабақ президенті Бако Саакян жиын өткізген. Жиыннан соң Карен Карапетян бас прокуратурадан парламенттен депутаттарды тұтқындау туралы өтінішін қайтарып алуды сұрайтынын мәлімдеген.
Видео: Еревандағы қарсылық шарасы (23.04.2018)