АҚШ президенті Дональд Трамп 23 сәуір күні Ақ үйде АҚШ-қа үш күндік ресми сапармен барған Франция президенті Эммануэль Макронды қабылдады.
Эммануэль Макрон мен жұбайы Брижит Макрон Вашингтонға барған соң ұзамай Дональд Трамп пен оның жұбайы Мелания Трамппен бірге Ақ үйдің оңтүстігіндегі көгалға өздері алып келген сыйлығы - еуропалық емен ағашын отырғызды. Ағаш Францияның Бірінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында 9 мыңнан астам америкалық сарбаз қаза тапқан ауданынан әкелінген.
Қос президент бұдан соң жұбайларымен бірге Вашингтонның тарихи орындарының үстінен тікұшақпен экскурсия жасады.
24 сәуірде Трамп пен Макрон ресми келіссөз өткізеді. Кездесуде Макрон Трампты Иранмен жасалған ядролық келісімнен шықпауға көндіруге тырысады. Иранмен арада 2015 жылы жасалған келісімге АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия, Ресей және Қытай қол қойған. Келісімде Тегеранның ядролық бағдарламасын тоқтатып, есесіне Иранға салынған халықаралық санкцияларды жою қарастырылған.
Дональд Трамп бұған дейін егер келісім өзгертілмесе, Вашингтонның одан шығатыны туралы бірнеше рет ескерткен. Бірақ Тегеран АҚШ бірнеше ел қатысқан келісімнен шықса Иран ядролық бағдарламасын қайта бастауы мүмкін екенін мәлімдеген.
Франциямен қатар Германия да келісімді бұзбау керегін айтқан. 23 сәуірде Торонтода "Үлкен жетілік" елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуінде сөйлеген Германия сыртқы істер министрі Хайко Маас та келісімнен шықпау қажетін мәлімдеді.
25 сәуірде Эммануэль Макрон АҚШ Конгресінде сөйлейді.