Сот Informburo.kz-ке қарсы шағымды қанағаттандырмады

Журналист Серікжан Мәулетбай және адвокаты Жанна Уразбахова сотта отыр. Алматы, 3 сәуір 2018 жыл.

24 сәуір күні Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында журналист Серікжан Мәулетбай мен informburo.kz сайтына қарсы шағым бойынша сот шешімі шықты. Судья Дінмұхамед Адайбаев Art Asia туристік компаниясының журналист пен сайтқа қарсы шағымын қанағаттандырмады. Шағым беруші соттан 2016 жылы қараша айында informburo.kz сайтында жарық көрген “Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон” атты мақаланың тақырыбы мен ондағы бір сөйлемді "компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді" деп танып, алып тастауды талап еткен еді. Бұған қоса, компания мақаладан Art Asia есімін өшіруді, жалған ақпарат бергені үшін компаниядан кешірім сұрауды сұраған. Ал ақпарат құралы өкілдері мақалада жалған ақпарат жоғын айтып, шағымды негізсіз деп санаған. Олар сотта сонымен бірге шағымданушы мақаланың компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіргенін дәлелдей алмағанын айтқан.

Журналист Серікжан Мәулетбай сот шешімнің қарар бөлігін ғана оқып, шағымды не үшін қанағаттандырмағанын түсіндірмегенін айтты.

Сотқа шағым түсіруге негіз болған мақала 2016 жылдың қараша айында жарияланған. Журналист Серікжан Мәулетбайдың мақаласында "туристерді таймшер арқылы алдайтын фирмалар" туралы айтылған.