27 сәуірде кешкісін Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты "зорланған" 7 жасар баланың сенімді өкілі Құрманғазы Мүсірді ақтады. Бұл туралы Азаттыққа Құрманғазы Мүсір мен адвокаты Абдумәлік Жолдасов айтты.
Құрманғазы Мүсірдің үстінен облыстағы Баласағұн атындағы мектептің директоры Бейбіткүл Селтанова арызданған. Директор Құрманғазы Мүсірді "жала жапты" деп айыптаған.
Адвокат Абдумәлік Жолдасовтың Азаттыққа айтуынша, судья Еркебұлан Төлешов шағымнан ешқандай заң бұзушылық таппаған.
- Біз заңды, әділетті шешім қабылдады деп ойлаймыз. Сот жауапкердің іс-әрекеттерінде ешқандай қылмыс құрамы жоқ деп тапты, - дейді ол.
Бейбіткүл Селтанованың адвокаты сот отырыстарының бірінде "егер Құрманғазы Мүсір "қылмыстық істің ашылуына мектеп директоры Бейбіткүл Селтанованың туған қайнысы Бауыржан Селтанов бөгет жасап жатыр" деген сөзді ресми түрде жоққа шығарса, бітімге келуге дайынбыз" деген. Құрманғазы Мүсір айыптаушының бұл талабымен келіспеген.
Оқи отырыңыз: Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды
Судья екі жақты қайта бітімге шақырып, тараптардың сұрауы бойынша уақыт берген.
13 наурыз күні Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова Азаттыққа жеті жастағы жиенін былтыр тамыздан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтқан. Бұл хабар әлеуметтік желіге кең тарап, жергілікті БАҚ-тың назарына ілініп, талқылауға ұласқан.