Азат Еуропа / Азаттық Радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясының президенті Томас Кент Ауғанстан астанасы Кабулде террорлық шабуылдардан журналистердің қаза табуын "кешірілмес қылмыс" деп атады. Ол шабуылдардан қаза тапқан журналистердің туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Құрбан болғандар қатарында Азаттықтың Ауған қызметінің екі журналисі бар.
Дүниежүзілік сөз бостандығы күні қарсаңында Томас Кент журналистерді қудалауды тоқтату керегін мәлімдеді. Ол Пәкістан, Ресей, Украина, Иран және басқа да елдерде АЕ/АР қызметкерлеріне билік тарапынан әлі де қысым және қоқан-лоқы жасалатынын айтты.
30 сәуір күні Кабулдағы үкімет мекемелері орналасқан ауданда терактілер болған. Алғашқы жарылысты мотоцикл мінген жанкешті жасаған. Оқиға орнына құтқарушылар мен журналистер барған уақытта тағы бір жанкешті өзін-өзі жарып жіберген. Қос терактіден 29 адам, оның ішінде тоғыз журналист қаза тапқан. Олардың екеуі - Азаттықтың Ауған қызметінің тілшілері - Абадулла Хананзай мен Сабауун Какар. Азаттықтың Ауған қызметіне мамыр айынан бастап қызметке кірісуі тиіс Махаррам Дурани де осы шабуылда көз жұмды.
Шабуылды "Ислам мелмекеті" экстремистік ұйымы мойнына алды.