Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) банктерге 200 миллиард теңге инвестиция салатын облигациялық бағдарлама қайта жаңғырады деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев.
Парламент сенатында тыңдауда сөйлеген Ақышев бағдарламада банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттерге БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салу қарастырылғанын айтты. "Ұлттық қорды басқару кеңесі осындай шешім қабылдады. Инвестиция нарықтағы шарттар бойынша, облигацияларды бес жыл мерзімге дейін иелену арқылы салынады. Қауіп-қатерді азайту үшін зейнетақы активтері әр шығарылған облигация көлемінің 50 пайызынан аспайтын мөлшерде инвестицияланады" деді Ұлттық банк төрағасы.
БЖЗҚ-да жұмыс істейтін, зейнет жасына толмаған қазақстандықтардың міндетті зейнетақы жарнасы жиналады. Қор активтерін инвестициялау операцияларын тексеру 2016 жылы 21 желтоқсанда басталған.
Сәуірдің 18-інде Алматы соты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының бұрынғы басшысы Руслан Ерденаев, қордың бұрынғы төрағасының орынбасары Дабыр Медетбеков, қордың қауіп-қатерді басқару департаментінің бұрынғы басшысы Мұса Бахтовты "қор қаржысын талан-таражға салды және пара алды" деп айыптап, түрме жазасын кескен.
Іс материалы бойынша, БЖЗҚ-нің лауазымды тұлғалары БЖЗҚ-ның "БузгулАурум" компаниясының облигацияларын алу туралы келісім жасасқаны үшін компания басшыларынан аса ірі көлемде пара алған. Тергеу материалдарына қарағанда, қауіп-қатерді басқару департаменті бұған дейін "қауіп-қатер барын" айтып, "БузгулАурум" облигацияларына инвестиция салмауға кеңес берген.