Сенбі күні Мәскеуде өткен қарсылық шеруі кезінде полиция ұстап әкеткен ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальный билік өзін босатқаны туралы хабарлады.
"Маған шеру ұйымдастырған және полицияға қарсылық көрсеткен деген екі айып бойынша хаттама толтырды. Бірақ сотқа дейін (ұстамай), түнгі сағат он екі жарым кезінде ішкі істер бөлімінен босатты" деп жазды ол бүгін таңертең Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына.
Мамырдың 5-і күні Ресейдің ондаған қаласында биыл наурызда Ресей президенті болып төртінші мерзімге сайланған Владимир Путиннің мамырдың 7-іне белгіленген инаугурациясына орайластырылған "Ол бізге патша емес" қарсылық шерулері өткен. "ОВД-Инфо" құқыққорғау порталының дерегі бойынша, сенбі күні полиция қарсылық акциялары барысында 1600-ден астам адамды ұстаған. Мәскеуде ұсталған жүздеген адамның арасында Навальный да болған. Оппозиционер Пушкин алаңындағы қарсылық шеруіне келген кезде полиция оны аяқ-қолынан ұстап, көлікке салып алып кеткен.
Полицияның Алексей Навальныйды ұстаған сәті:
Алексей Навальный бұған дейін де үкіметке наразылық шерулерін ұйымдастыруға байланысты айыптармен бірнеше рет жауапқа тартылып, әкімшілік қамауда отырып шыққан.
Сенбі күн Мәскеудегі қарсылық акциясына, полицияның дерегі бойынша, мың жарым адам қатысқан. БАҚ наразылық шеруіне бірнеше мың адам шыққан деп хабарлайды. Көбіне ресми өкілдер Ресейдегі қарсылық акциясына қатысушылар санын азайтып көрсетеді.
Құқыққорғаушылар мен азаматтық белсенділер сенбідегі қарсылық шаралары барысында полиция шеруге шыққандарға дөрекі күш көрсетіп, бірнеше адам зардап шеккен деп хабарлаған.
Еуропа Одағының сыртқы саясат қызметі (EEAS) мамырдың 5-і күні қарсылық шеруіне шыққан наразыларды полицияның жаппай ұстауы мен қаталдық танытуын айыптап, Ресей билігін мойнына алған халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырған.