Қырғызстанда SoundCloud сайты "экстремистік" деп танылды

SoundCloud платформасы.

Қырғызстан Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай шешім 2017 жылы 17 қазанда Бішкектің Октябрь аудандық сотының үкімімен қабылданған.

Аудио әрі музыка жариялайтын платформаны шектеу жұмыстарын Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Қырғызстанның Ақпараттық технологиялар және байланыс жөніндегі мемлекеттік комитеті жүргізеді. Қырғызстан Жоғарғы сотының өкілі Суита Сурабаеваның мәлімдеуінше, сайт оқырмандары мен тыңдармандары жазаланбайды. Ал сайтты "экстремистік" деп тануға бас прокуратура шағымданған.

Әзірге сайттың музыкалық сервисі ашылып тұр. Ақпараттық технологиялар және байланыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің баспасөз хатшысы Сапар Бахирдинов Азаттықтың Қырғыз қызметіне шектеу қою үшін провайдерлерге хат жолданғанын айтты.

"Шектеу қою үшін әр интернет провайдерге хат жолдаймыз. Дәл қазір кейбірінің оған техникалық мүмкіндігі болмай тұр. Сайт әлеуметтік желі ретінде жұмыс істегендіктен, тек аудиофайлдарды шектесек те болар еді. Дегенмен, жеке аудиоға ғана шектеу қою мүмкін болмағандықтан, сайт жұмысын толық бұғаттау керек болды" дейді ол.

2008 жылы ашылған SoundCloud - аудиожаңалықтар мен музыка жариялайтын сайт.