Сот мұғалімнің аппелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Шымкенттегі №38 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәлімбаева сотта отыр. Шымкент, 18 сәуір 2018 жыл.

14 мамырда Оңтүстік Қазақстан облыстық соты №38 мектептің мұғалімі, "міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін" айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның аппелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Үкімді оқыған судья Нұрмахан Жұматаев шағымға толымды дәлелдемелер келтірілмегендіктен қанағаттандырусыз қалдырылғанын, дауға байланысты Жоғарғы сотқа шағым түсіруге құқылы екенін айтты.
Гүлжан Сәлімбаеваның сенімді өкілі Жаңабек Әбішев енді облыстық сотқа шағым түсіретінін айтты.

Гүлжан Сәлімбаева апелляциялық шағымда №38 мектептің, қалалық білім бөлімінің, қала әкімінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасының, облыс әкімінің, облыстық білім және ғылым саласын бақылау департаментінің, білім және ғылым саласын бақылау комитетінің, Білім және ғылым министрлігінің педагогикалық әдепті бұзғанын, өзін міндетінен тыс, заңсыз жұмысқа тартқанын тану және моральдық шығын өндіруді сұраған.

Бұған дейін №38 мектептің директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова Гүлжан Сәлімбаевадан моральдық шығын талап етіп Еңбекші аудандық соты, Абай аудандық сот және әл-Фараби аудандық сотына арыз түсіргенімен, сот шағымды қанағаттандырмаған.