Оралда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғам өкілдерімен жоспарланған кездесуіне Азаттық тілшісі кіргізілмеді. Азаттықтың осы аймақтағы тілшісі Санат Орын Әли кездесуге қатысу үшін аккредитация құжаттарын БҚО әкімінің баспасөз хатшысы Дәурен Сәкенұлына өткен сенбі, мамырдың 12-сі күні тапсырған. Кездесу қарсаңында баспасөз хатшысы телефон арқылы тілшіге “мақұлдау күтіп отырғанын” хабарлаған.
Ал бүгін президенттің қоғам өкілдерімен кездесуіне кірмек болған кезде Санат Орын Әли аккредитациядан өткен журналистер тізімінің арасында жоқ болып шыққан. БҚО ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Дәурен Ақмұрзин тілшіге “президент әкімшілігінің күзет қызметі құжаттарды қарап үлгермеді, бүгін шешіледі” деп жауап берді.
- Сапардан кейін мәселені қараймыз, - деді Ақмұрзин.
15 мамырда Оралға жұмыс сапарымен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келді. Оның сапары туралы ақпарат таратуға мемлекеттік БАҚ пен биліктен мемлекеттік тапсырыс алып отырған редакция журналистері кіргізілді.
Жергілікті ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, президент аймақтағы бірнеше кәсіпорынды аралайды. Оралды дамыту жоспарымен танысып, қоғам өкілдерімен, Қазақстанның халық ассамблеясы мүшелерімен кездеседі. Бұған қоса, президенттің жастармен де кездесуі жоспарланған.