"Наразылыққа шыққан" Орал тұрғындары қамалды

Бауыржан Әліпқалиев пен Орал қалалық әкімшілік сотының судьясы Әсел Бектұрғанова. 16 мамыр 2018 жыл.

16 мамырда Орал қалалық әкімшілік сотының судьясы Әсел Бектұрғанова "саяси тұтқындарды босатуды талап еткен" шараға қатысқаны үшін 52 жастағы Бауыржан Әліпқалиевті бес күнге қамады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот белсендіні әкімшілік кодекстің 488-бабы (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) бойынша айыпты деп тапқан. Әліпқалиев Азаттық тілшісіне сот шешімімен келіспейтінін айтты. Сот бұрын Бауыржан Әліпқалиевті 2016 жылы "Жер заңына қарсы митингіге қатысқаны үшін" айыпты деп тауып, айыппұл салған.

16 мамырда сот шешімімен Орал қаласының тағы бір тұрғыны Әнуарбек Ермешев те "митингіге қатысқаны үшін" бес күнге қамалған. Бұл туралы Ермешев Азаттық тілшісіне хабарлаған.

10 мамырдағы наразылық шарасында ұсталған зейнеткер Майя Лукьянова полицияның әрекетіне қатысты прокуратураға шағымданған. Зейнеткердің айтуынша, оны полиция дүкенге кірген сәтте ұстаған.

Оқи отырыңыз: Наразылық шарасынан кейін қанша адам жазаланды?

Мамырдың 10-ы күні Астана, Алматы және бірнеше облыс орталығында "саяси тұтқындарды босату" және "түрмедегі азаптауларды тоқтатуды" талап еткен наразылық шарасы өткен. Наразылық шарасына келген ондаған адамды полиция ұстаған. Қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов Қазақстанда болған митингілерді "мен ұйымдастырдым" деген.

Мамырдың 15-і күні Қазақстан ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Үкімет отырысынан кейін Азаттық тілшісіне "Олар [полиция] Бас прокуратураның нұсқаулығына сай әрекет етті. Оларға [наразылыққа шыққандарға] тәртіп бұзушылық туралы ескерткен. Бағынбағандарға әкімшілік жаза қолданды. Материалдарды сотқа жіберді. Сот шешім шығарды" деген.