Тегеран 2015 жылы әлемдік алты державамен жасасқан келісімдегі көрсетілген міндеттемелерін орындауды жалғастыратын болса, Еуропа Одағы да осы келісімдегі міндеттемелеріне адал болып қалады. Бұл туралы мамырдың 19-ы күні Еуропа Одағының жоғары лауазымды шенеунігі айтқан. 2015 жылғы келісімге сәйкес, Тегеран ядролық бағдарламасын шектеген жағдайда, оның қарымтасы ретінде, соған дейін Иранға қарсы салынған санкцияларды алып тастау қарастырылған.
"Ирандық достарымызға егер олар келісім шарттарын ұстанатын болса, еуропалықтар өз міндеттемелерін атқара беретіні туралы хабарлама жолдадық. Олар да өз тарабынан соны айтты", - деп хабарлады Еуропа Одағының энергетика және климатты қорғау мәселелері жөніндегі комиссары Мигель Ариас Каньете Тегеранда ядролық энергетика жөніндегі мәселелермен айналысатын ирандық шенеунікпен кездесуден соң.
Бұдан соң Иранның атом энергетикасы жөніндегі вице-президенті Әли Акбар Салехимен бірге өткізген баспасөз мәслихатында Каньете: "Біз Иран экономикасына аса жағымды әсер еткен сауда байланыстарымыздың бұдан да қарқынды болуына күш саламыз" деп мәлімдеген.
Каньете бұл мәлімдемесін Вашингтон Иранмен жасалған келісімнен біржақты түрде шығатынын жариялап, Иранға қарсы санкцияларды қайта жаңғыртатыны туралы мәлімдеген соң Еурокомиссия Еуропа Одағы кәсіпорындарын санкция зардабынан қорғау шарасын ұсынғаннан кейін бір тәулік өткенде жасады. Мамырдың 18-і күні Еурокомиссия Еуропа Одағы мүшелеріне АҚШ санкциясына ілікпеу үшін Ираннан сатып алынған мұнайдың төлем қаржысын тікелей Иранның орталық банкіне аудару туралы ұсыныс жасаған. Мұндай қадам еуропалық компанияларға Тегераннан мұнай сатып алу үшін долларды және АҚШ қаржы жүйесі қызметін пайдаланбай, Вашингтонның Иранға қарсы салған санкциясын айналып өтуге мүмкіндік туғызуды көздейді.