Бүгін шымкенттік белсенділер Ибрахим Әлсерке мен Жарқынбек Сейтінбетті полицейлер үйлерінен алып кетті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.
Қазіргі уақытта белсенді Ибрахим Әлсерке Абай аудандық ішкі істер бөлімінде, ал Жарқынбек Сейтінбек Отырар шағын ауданындағы 32-учаскелік полиция пунктінде.
Учаскелік полицей Бақытжан Төлебаевтың айтуынша, Жарқынбек Сейтінбектің үстінен әкімшілік кодекстің 488-БАП, 3-ші тармағы бойынша (бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу) әкімшілік іс қозғалған. Учаскелік пункте құжаттары рәсімделген соң сотқа жеткізіледі. Ал белсенді Жарқынбек Сейтінбек Азаттық тілшісіне:
- Шымкенттік белсенділер бірігіп, 21 мамыр жер сатуға қарсы митинг өткізуге қала әкімдігіне өтініш тастаған едік. Рұқсат бермеді. Кеше қандай іс шара өтіп жатқанын көруге "Наурыз" алаңына барып, кіре алмай қайттым. Заңға бағынатын адаммын. Бірақ жерге қауіп төнсе бәрібір де шығамыз ғой. Жерге қауіп төну елдің тағдырына қауіп төну, - деді.
Бұған дейін астаналық белсенділер мамырдың 21-і күні жер митингісін өткізетінін хабарлаған. Астана мен Шымкент қалаларының әкімдігі белсенділерге жер митингісін өткізуге рұқсат бермеді.
Мамырдың 21-і күні Астана мен Шымкент қалаларында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, Астанада алаңға келген бірнеше адам ұсталды.