10 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысып, әкімшілік жазаға тартылған Орал қаласының тұрғыны Бакиза Халеловаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.
58 жастағы Халелованың сөзінше, Орал қалалық ішкі істер басқармасы өзіне қатысты Қылмыстық кодекстің 405-бабы, 2-тармағы бойынша (Тыйым салынған ұйымдардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу) сот алды тергеуді бастаған.
21 мамырда Халелованың үйінде тінту жүріп, компьютер тәркіленген. Қалалық соттың тергеуші судьясы Раушан Исмайлова қол қойған қаулыда "Халелова Instagram әлеуметтік желісіндегі "ДВК Запад" тобында "Дина Нұрпейсова" деген атпен рұқсат етілмеген митингіге шақырған аудио жазба жариялаған" деп жазылған.
Бакиза Халелованың айтуынша, 22 мамырда оны Орал қалалық ішкі істер басқармасына шақырған. Халелова "Интернеттен ҚДТ жақтастарын тыңдағанын", бірақ "ұйымның белсендісі емес" екенін айтады.
Қазақстан билігін сынаушы, шет елде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "эктремистік ұйым" деп таныған. Бұл ұйым қызметіне Қазақстанда тыйым салынған.
Оқи отырыңыз: Оралда сот зейнеткерге "ескерту" жасады
Халелова 10 мамырда Оралдағы саяси тұтқындарды қолдаған митингіде ұсталған. Шара кезінде "саяси тұтқындарға бостандық" деп ұрандаған ол президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын сынап, полицияның тарау туралы ескертпесін елемеген. 17 мамырда белсендіге "митингі өткізу ережесін бұзды" деген айыппен 48100 теңге айыппұл салынған.