Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық алқасы 22 мамыр күні Шалқар қаласының тұрғындары Ербол Тұрғанбеков пен Нұрбол Сүйіндіковтің "орамал дауына" орай шағымын қанағаттандырмай тастады. Бұл азаматтар облыстық соттан Шалқар аудандық сотының 2018 жылғы 14 ақпандағы шешімін заңсыз деп тануды сұраған.
- Шалқардағы №5 мектеп-лицей директоры орамал тартатын балаларымызды мектепке кіргізбей қойғандықтан аудандық сотқа шағымданған болатынбыз. Сот талап-арызымызды қанағаттандырмай тастады. Бұл жолы апелляциялық алқа да аудандық сот шешімін өзгеріссіз қалдырып отыр. Енді жоғарғы сотқа шағымданамыз, - дейді Нұрбол Сүйіндіков.
Нұрбол Сүйіндіковтің Шалқардағы №5 мектеп-лицейдің үшінші сыныбында оқитын қызы Диляра Мұрат екінші тоқсаннан бері мектепке бармаған. Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқу бағдарламасын меңгермеген баланың келесі сыныпқа көшпейтінін айтады.
Ондаған ақтөбелік ата-ана оқушы қыздарының мектепке орамал тағып барғанын қалайды. Қазақстан Конституциясының діни наным-сенім бостандығына кепіл беретінін айтқан ата-аналар балаларының діни-сенімге сәйкес киіну хақылары бар деп есепетейді.
Ал жергілікті білім беру мекемелерінің басшылары мен билік өкілдері оқушылардың мектеп ішінде бірыңғай форма киюі керек екенінін айтып, мектеп формасы туралы білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы мен ережесі бекітілгенін атап көрсетеді. Жергілікті билік оқушылардың мектептен тыс жерде қалай киінсе де, өз еркілері екенін айтып келеді.
Сәуір айының басында Ақтөбеде жергілікті билік өкілдері, қоғамдық мүшелері, мектеп мұғалімдері мен ата-аналар қатысқан жиында тараптар ортақ келісімге келе алмай, тарасқан еді.
Мектепте орамал тартуға қатысты дау биыл Қазақстаннның бірнеше өңірінде туындаған. Кейбір облыстарда орамал тартатын оқушыларды сабаққа кіргізбей қою оқиғалары да кездескен.