22 мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп маусымның 12-не белгіленген Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен кездесудің болатынына күмән келтірді. Бұл кездесу Сингапурда өтуі тиіс.
- Кездесудің болмайтынына кәдімгідей күмән бар. Ол уақыт өте келе болмайды дегенді білдірмейді, бірақ 12 маусымда болмай қалуы мүмкін, - деді Трамп Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Инмен кездесу барысында.
Трамптың бұл сөзінен кейін бақылаушылар АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи саммиттің өтуі белгісіз күйде қалуы мүмкін деп тұжырымдайды.
15 мамырда Пхеньян ресми мәлімдеме жариялап, 12 маусымға жоспарланған АҚШ-Солтүстік Корея саммитінен бас тартуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Пхеньянның мәлімдеме жасауына АҚШ пен Оңтүстік Кореяның біріккен әскери жаттығуы себеп болған.
Кейінірек Солтүстік Корея басшысының ядролық қарусыздануға дайын екені туралы мәлімдемесін Ақ Үйдің дұрыс түсінбей қалуы мүмкін екені туралы ақпарат шықты. Бірақ сонымен бірге ядролық қарудан бас тартуға келісу бұл Дональд Трамптың кездесу алдында қойған шарты болған.
Кейінірек АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео саммитке дайындық жалғасып жатқанын айтып, бірақ кездесудің соңғы сәтте болмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеген. Дональд Трамп Пхеньян ұстанымының қатаюына Қытай жауапты болуы мүмкін, себебі Солтүстік Корея мәлімдемесінің сарыны мамыр айының басында Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін күрт өзгерді деп болжам жасайды.