Түркіменстанның Балқан уәлаятындағы Гудмаг қаласында учаскелік инспекторлар дәретхана қағазының орнына президент Гурбангулы Бердімұхамедовтың суреті бар газет қолданғандарды іздеуді бастады. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі хабарлайды.
Учаскелік полицейлер жекеменшік үйлердің ауласындағы әжетханаларды аралап, газет қолданғандарға ескерту жасап жүр. Таралған ақпаратқа сәйкес, тұрғындарға көп ескерту берілген. Түркіменстандағы экономикалық жағдайға байланысты халықтың арнайы әжетхана қағазын сатып алуға жағдайы жоқ. Ал жұмыс және оқу орны жергілікті басылымдардың біріне немесе бірнешеуіне күштеп жазылдыртқан адам әрбір үйде бар.
Учаскелік полицейлерге президенттің бүлінген суретін тұрғын үй маңындағы қоқыс жәшіктерінен де іздеу міндеті жүктелген. Әрбір қоқыс алаңына жауап беретін адамдар бекітілген. Олар қоқыстан табылған басылымда көрсетілген үйді мекен-жайы арқылы анықтап, құзырлы органдарға хабарлауы керек.
Бұған дейін Азаттықтың Түркімен қызметі Дашогуз облысының тұрғындары осындай ескерту алғанын, Гороглы ауданындағы мектеп директорының әжетханасынан президенттің суреті бар басылым табылып, оның жұмыстан босағын туралы хабарлаған. Бүгінге дейін Дашогуз облысында мемлекеттік қызметтегі 10 адам жұмысынан қуылған.
Бұл мәселеге байланысты аймақтық шенеуніктер пікір білдіруден бас тартқан. Түркіменстандағы барлық басылымдардың негізгі беттерінде президент Гурбангулы Бердымұхамедовтің суреті қолданылады.