АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның айтуынша, президент Дональд Трамптың Иранға қатысты саясатының мақсаты "режимді ауыстыру" емес.
"Режимді ауыстыру туралы сөз болып отырған жоқ. Әңгіме Иран мемлекеттік басшылығы өз халқының шын мәнінде нені қалайтынын ескеретіндей етіп іс-қылығын өзгертуі туралы болып отыр", - деген Помпео "Америка дауысы" радиосына мамырдың 25-і күні берген сұхбатында.
Помпеоның бұл мәлімдемесінен екі апта бұрын президент Дональд Трамп 2015 жылы әлемдік алты державаның Иранның ядролық бағдарламасына қатысты Тегеранмен жасасқан келісімінен Вашингтонның біржақты түрде шығатыны туралы шешімін жария еткен. Әлгі келісім бойынша Иран ядролық бағдарламасын айтарлықтай шектеп, қалған тараптар бұған дейін Иранға қарсы салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттемелер алған.
Иранда "режимді ауыстыру" туралы дау-дамай биыл наурызда АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметіне Иранға қатаң шаралар қолдануды жақтайтын Джон Болтонның тағайындалғаннан кейін өрбіген. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін, қаңтар айында Fox News арнасына берген комментарийінде Болтон АҚШ Тегеранға қарсы экономикалық қысымды ұлғайтып, үкіметтің қарсыластарына қолдау танытқаны жөн, себебі, "біздің мақсатымыз – Ирандағы режимді өзгерту болуы тиіс" деп мәлімдеген. Бірақ, Ақ үйге қызметке тағайындалғаннан кейін Болтон режимді ауыстыру – әкімшілік саясатының бөлігіне жатпайды деп, бұрынғы айтқан мәлімдемелерін жоққа шығарған.