Ресейдің Роскомнадзор мекемесі Apple компаниясынан AppStore-дан Ресейде тыйым салынған Telegram мессенджерінің қосымшасын өшіруді және оны жүктеп алу туралы ескерту жолдауды тоқтатуды талап етті. Бұл туралы ведомство ресми сайтында хабарланды.
Роскомнадзор талап орындалмаған жағдайда "Apple қызметінің жұмыс істеу принципі бұзылатынын" ескертті. "Интерфакс" агенттігінің ақпаратына қарағанда, ведомство басшысы Александр Жаров компанияға қосымшаны өшіруге бір ай уақыт берілгенін мәлімдеген. Бұған дейін шенеунік Роскомнадзор Google және Apple заңгерлерімен осы компаниялардың онлайн-дүкендерінен Telegram қосымшаларын өшіру немесе бұғаттау мәселесі бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын айтқан.
Роскомнадзор Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметіне қолданушылар хат-хабарын шифрлау кілтін беруден бас тартқаны үшін Telegram мессенджерін сот шешімі бойынша, сәуірдің 16-сынан бастап бүкіл ел аумағында бұғаттауды бастаған. Мессенджер билік салған бұғатты айналып өту үшін америкалық Amazon және Google компанияларының серверлерін пайдалана бастаған соң, Роскомнадзор оларға кіруге шектеу енгізген. Соның салдарынан интернеттегі 20 миллионға жуық мекен-жай бұғатталып қалған. Бұдан өзге, Роскомнадзор бұғаттан айналып өтуге мүмкіндік беретін 80 VPN мен прокси серверді бұғаттағанын мәлімдеген.