Ресейдің Саратов қаласында сот Саратовтағы қант диабетімен ауыратын мүгедектердің аймақтық қоғамдық ұйымын "шетел агенті" деп таныды. Қоғамдық ұйымға "шетел агенті" міндетін атқаратын коммерциялық емес ұйымның қызмет ету ережесін бұзды деген айыппен 300 мың рубль айыппұл салынды.
Айыптау тарапы ұйым басшысы Лариса Сайгинаның "Открытай канал" интернет телеарнасына берген бейне сұхбатын Ресей президенті Владимир Путинді қаралайтын пикет деп таныған. Сайгина бейне сұхбатта ұйымды тексеру Путиннің студенттік штабы басшысының арызы бойынша жүргізілгенін айтады. Сұхбат алынған сәтте президент сайлауы әлі өтпегендіктен прокуратура мұны "шетел агентінің" сайлауалды белсенділігі деп есептеген.
Лариса Сайгина соттың мүгедектер ұйымын "шетел агенті" деп таныған шешіміне шағымданбақ.
Саратов аймақтық қант диабетімен ауыратын мүгедектер қоғамдық ұйымын тексеруге президент сайлауында Владимир Путиннің студенттік сайлауалды штабын басқарған медик студент Никита Смирновтың арызы себеп болған. Смирновтың сөзінше, ол интернеттен қоғамдық ұйым "шетелдік компаниядан қаржы алады" деген ақпарат кезіктірген.