Қазақстан үкіметі "дәстүрлі емес" конфессиялар мүшелерін, оның ішінде ресми мойындалған сүнниттердің ханафи мазхабынан өзгеше діни дәстүрді ұстанатын мұсылмандарды әлі де қуғындап отыр деп мәлімдеді АҚШ Мемлекеттік департаменті 29 мамыр күні жариялаған есебінде.
"Әлемдегі 2017 жылғы діни еркіндік" деп аталатын есепте Қазақстан мен әлемдегі дін ұстану еркіндігі жағдайына шолу жасалып, кейбір елдердегі діни еркіндікті бұзу жайы талданған.
Баяндаманың Қазақстанға арналған бөлігінде ел билігі діни топ мүшелерін "діни араздықты қоздыру" айыбымен тұтқындау, қылмыстық жауапқа тарту және түрмеге жабу, кейбірін "заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқаны" үшін жазалу әрекетін тоқтатпай отырғаны айтылады. Баяндама авторлары қазақстандық БАҚ-та кейбір діни ағымға қатысты "дәстүрлі емес" және "деструктивті секталар" деген теңеу қолданылатынын айтады. Былтыр маусымда Қазақстан президенті дін саласындағы мемлекеттік саясат концепциясын бекіткен. Құжатта үкіметтің "деструктивті" діни ағымдар идеологиясының алдын алуға және діни қызметке бақылауды күшейтуге күш салатыны айтылған.
Норвегияда орналасқан Forum18 ұйымының мәліметінше, Қазақстан билігі бір жыл ішінде 279 дін өкілі, діни қауым мен қайырымдылық ұйымдары және компанияларына қарсы әкімшілік іс қозғаған. Оларға "діни әдебиеттерді елге кіргізіп, тарату", "діни ілімді заңды бұза отырып насихаттау", "интернетте діни материалдарды жариялау", "баланы діни құлшылық орындарына ата-анасының бірінің келісімінсіз баруы" деген айыптар тағылған. Мемлекеттік департамент баяндамасында әкімшілік іс қозғалғандарға көбінесе айыппұл салу, қамауға алу, депортациялау, діни әдебиетті тәркілеу сияқты жазалар кесілгені айтылады.
Баяндамада сонымен қатар қазақстандықтардың "діни араздықты қоздыру" айыбымен қылмыстық қудалауға ұшырайтыны айтылған. Бұған мысал ретінде түрмеге жабылған Шухрат Кибировтің ("интернетте діни әндер тыңдаған"), "Иегова куәгерлері" діни қауымының жақтаушысы Теймур Ахмедовтің (2018 жылы сәуірде оған президент жарлығымен рақымшылық жасалған) ісі туралы ақпарат келтірілген.
АҚШ мемлекеттік департаменті жыл сайын әлемдегі ар-ұждан бостандығына қатысты есебін түзеді. Есепте 200-ге тарта мемлекеттегі жағдай қамтылған.