Ақ үйде 1 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның кеңесшісі Ким Ен Чоль бастаған делегациямен кездеседі.
Reuters-тің хабарлауынша, Ким Ен Чоль Трампқа Солтүстік Корея басшысының жеке сәлемін жеткізеді.
Кездесуде Сингапурде 12 маусымда өтеді делінген АҚШ пен Солтүстік Корея саммитіне дайындық талқыланбақ. Дональд Трамп Ким Чен Ынға саммит болмайтыны туралы хат жолдаған соң саммит өтетін ресми дата әліге дейін нақтыланған жоқ. Екі тарап та екі ел басшыларының саммитіне дайындықты жалғастырып жатқанын айтады.
Ким Ен Чоль бұған дейін Нью-Йоркте АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен кездескен. Ал бірер күн бұрын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Пхеньнға барып, Ким Чен Ыннің қабылдауында болған.
Кейбір ақпаратқа қарағанда, Солтүстік Корея басшысы Корей түбегін ядролық қарусыз аймақ қылу идеясына адал екенін растағанымен, бұл процесті біртіндеп, АҚШ жеңілдіктер жасаған жағдайда ғана жүргізуді талап етіп отыр. АҚШ Пхеньянды ядролық қарудан ешқандай шартсыз бас тартуы керек деген ұстанымнан танбайды.