АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен маусымның 12-і күні Сингапурде кездесетінін растады. Трамп бұл туралы Ким Чен Ынның кеңесшісі Ким Ен Чольмен келіссөз өткізгеннен кейін хабарлады.
Трамптың сөзінше, кеңесші оған Ким Чен Ынның хатын тапсырған. АҚШ президенті әлгі хатты "жақсы және қызықты" деп сипаттаған.
Бұған дейін Ким Ен Чоль Нью-Йоркте АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеомен кездескен. Ал оның алдында Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Пхеньнға сапармен барып, Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ынның қабылдауында болған.
Мамырдың 24-і күні Дональд Трамп "Пхеньян тарапынан дұшпандық сарында жасалған мәлімдемелерге" байланысты Ким Чен Ынмен кездеспейтіні туралы жариялаған. Бірақ келесі күні Трамп Пхеньянмен диалогты жандандыру туралы айтып, Сингапурдегі саммиттің өтуі мүмкін екенін меңзеген. Кейін екі тарап та кездесуге дайындық жүріп жатқаны туралы хабарлаған.
Кей ақпаратқа қарағанда, Солтүстік Корея басшысы Корей түбегін ядролық қарусыз аймаққа айналдыру идеясына адал екенін растағанымен, бұл процесті біртіндеп, АҚШ жеңілдіктер жасаған жағдайда ғана жүргізуді талап етіп отыр. АҚШ Пхеньян ядролық қарудан ешқандай шартсыз бас тартуы тиіс деп санайды.