Қырғызстан ішкі істер министрі Кашкар Жунушалиев милиция бөлімінде мерт болған 20 жастағы Бурулай Турдаалы қызының қазасы бойынша тергеу ісін жеке бақылауына алған. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бакыт Сейітов хабарлаған.
- Министр милиция қызметкерлерінің жауапкершілігін анықтауға байланысты қызметтік тексеруді және ол істің әділетті тергелуін жеке бақылауына алды. Тапсырмалар берілді. Бүгін-ертең шығатын қызметтік тексеру қорытындысы бойынша, [жұмысына] салғырттық танытқан қызметкерлер жауапқа тартылатын болатын, - деген ол.
Мамырдың 27-і күні Шу облысында 20 жастағы Бурулай Турдаалы қызын "алып қашып" бара жатқанда ұсталған "күйеу жігіттің" Жайыл аудандық ішкі істер мекемесінің қабылдау бөлімінде бойжеткенді пышақтап өлтірген соң өз денесін де жаралап, кейін аурухананың жансақтау бөліміне түскені туралы хабарланған.
Қыздың туыстары оның қазасына милиция қызметкерлерін де айыптап, оларды жауапқа тартуды талап еткен. Ішкі істер органы "кісі өлтіру" бабы бойынша, прокуратура – "қызмет міндетіне салғырттық таныту" бабы бойынша істер қозғаған.
Мамырдың 31-і күні Қырғызстан Жогорку Кеңеші депутаты Айсулуу Мамашова қыз ұрлау мәселесін парламентте көтеріп, ол жайында тіс жармайтын немесе оны елеусіз қалдыратын "ерлердің жауапсыздығы – жалпыұлттық проблемаға айналып отыр" деп мәлімдеген.
Бұған дейін БҰҰ Қырғызстанды ұлттық заңнамалар мен мемлекет бекіткен халықаралық келісімдерді орындап, "қыз ұрлау" оқиғаларын тыйдыруға шақырған.