Қырғызстандық журналист Эльнура Алканова өзі және жақтастары "саяси астары бар" деп санайтын іс бойынша оған қарсы тергеу жүргізіп жатқан тергеушілердің үстінен Бас прокуратураға шағымданған.
Журналист шағымында Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бойынша мемлекеттік қызметтің бас тергеу басқармасының жетекшісі Нурбек Ажибаев пен аға тергеуші Замир Оморбековтің іс-әрекетіне құқықтық баға беруді, бұған қоса олардың үстінен "лауазымын теріс пайдалану" және "қызмет өкілетін асыра пайдалану" баптары бойынша қылмыстық іс қозғауды талап еткен.
- Медиа Полиси институтының қолдауымен біз осындай талаптар қойдық. Олар қылмыстық істе маған тағылған айыптар бойынша кінәлі екенімді дәлелдей алмады. Маған қарсы қозғалған қылмыстық іске бағасын берген көптеген заңгерлер оны саяси тапсырыс деп санайды. Сондықтан біз Бас прокуратураға арыздандық, - деген Алканованың сөзін келтірген Азаттықтың Қырғыз қызметі.
2017 жылғы қарашаның 15-інде "Фергана.ру" сайтында журналист Эльнура Алканованың Бішкектегі "Идеал Хаус" VIP-қалашығын сатуға байланысты жүргізген зерттеу мақаласы жарияланған. Бұған дейін 12,4 гектар жерде орналасқан 48 коттедж мемлекет иелігінен 142 миллион сомға жеке меншікке сатылған. Ол конкурсты "ВостокТехКомплект" компаниясы жеңіп алған. Журналист Эльнура Алканова зерттеу мақаласында ол компанияның сол кездегі Қырғызстан премьер-министрі Сапар Исаковтың бауырымен байланысы болуы мүмкін екені және әлгі жылжымайтын мүліктің шынайы құнынан арзан бағаға сатылғаны туралы жазған. Үкімет "Фергана.ру" сайтына зерттеу мақалада айтылғандарды терістеуді және кешірім сұрауды талап еткен.
Ақпанның 13-і күні Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес бойынша мемлекеттік қызмет журналист Эльнура Алкановаға Қылмыстық кодекстің 193 ("Коммерциялық немесе банк құпиясы саналатын ақпаратты заңсыз жолмен алу") және 194 ("Коммерциялық, банк құпиялары немесе өзге де құпия мәліметтерді, сонымен бірге салық төлеушілердің құпия деректерін жария ету") баптары бойынша іс қозғаған.
Ал оған дейін, 2017 жылғы желтоқсанда Бас прокуратура жекешелендірілген нысанның нарықтағы шынайы бағасын анықтау мақсатымен "Идеал Хаус" VIP-қалашығын сатуға қатысты іс қозғаған. Осы іс бойынша Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі қордың экс-директоры Болсунбек Казаков, қозғалмайтын мүлікті бағалау агенттігі – "Капитал" компаниясының бас директоры С.Диров ұсталған.
Бірқатар халықаралық ұйымдар Қырғызстан билігін Эльнура Алкановаға қарсы істі тоқтатуға шақырған. Сәуірдің соңында Алканованың үстінен қозғалған іс доғарылған.