Қазақстан энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілініп, үйқамаққа алынды деп хабарлады Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі.
Ведомство ресми өкілі Нұрлан Жахиннің брифингте айтуынша, Бақытжан Жақсалиев Щушинск-Бурабай шипажай аймағындағы көлдерді тазалау жұмыстары бойынша құжаттарды қабылдау кезінде заңсыз әрекет жасап, мемлекетке 746 миллион теңге шығын келтірді деген күдікке ілінген. Ол 2015 жылы мердігер "Аймак и К" компаниясының мүддесін қорғауда қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды деген күдікке ілінген.
"Жақсалиев орындалған жұмыс көлемі 30 есеге асыра көрсетілгенін біле тұра, жалпы сомасы 863 миллион теңгенің жұмысы орындалғаны туралы актіге заңсыз қол қойған." дейді Нұрлан Жахин.
Күдікті қазір үйқамаққа алынған.