Ардақ Әшімнің өкілі: Айыппен келіспейміз

Белсенді Ардақ Әшімнің қызы Айнұр Әшім анасына қарсы шағым бойынша сотта отыр. Шымкент, 1 маусым 2018 жыл.

Маусымның 4-і күні Шымкенттің Абай аудандық сотында азаматтық белсенді, сот шешімімен мәжбүрлі амбулаториялық емге жіберілген Ардақ Әшімнің үстінен қозғалған іс бойынша сот жалғасты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Ардақ Әшімнің қызы әрі сенімді өкілі Айнұр Әшім анасының үстінен белсенді Сүйін Абулданың түсірген шағымымен келіспейтінін айтты.

Сот отырысында судья Қанат Мылтықбаев шағымданушы белсенді Сүйін Абулдадан Ардақ Әшім өзін қандай сөзбен құқығын шектеп, ар-намысына тигенін, қорлағанын айтып беруді сұрады. "Ардақ Әшім "Марал Құрылтай" және "Қазақ қаны қазақ" акаунттарды мен ашты деп жала жапты. Облыстық ішкі саясат басқармасымен байланысы бар деп ар-намысыма тиді. Аккуант иелері мен екенімді дәлелдесін, болмаса жазасын алсын. Кешірім бермеймін" деді Сүйін Абулда.

Айнұр Әшім соттан жазба бойынша филиологиялық- лингвистикалық сараптама тағайындауды сұрады. Судья бұл талап-тілекті ашық қалдырды.

- Анам айыпты болса, дәлелдесін. Соттың әділдігіне сенбесек те, арызданушыдан кешірім сұрамаймыз, татуласпаймыз, - деді Айнұр Әшім. Сот отырысына белсенді Ардақ Әшім келмеді.

Сүйін Абулда Ардақ Әшімді Facebook әлеуметтік желісінде "ар-намысы мен қадір-қасиетіме тиіп жазба жариялады" деп шағым түсіргенін. Ол бұған дейін сотта "Егер Ардақ Әшімнің жүйке аурулары ауруханасында тіркеуде екенін, енді мен туралы жазба жазбайтынына кепіл беретін адам болса татуласуға келісемін. Болмаса заң шеңберінде қатаң жаза тағайындауды сұраймын" деген. Сүйін Абулда жеке шағымында моральдық өтемақы талап еткен.

Оқи отырыңыз: Сот Ардақ Әшімнің қылмыстық ісін тоқтатып, мәжбүрлі емдеуге жіберді

Мамырдың 10-ында Шымкенттің Абай аудандық соты Ардақ Әшімнің үсінен "араздық тудыру" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі тоқтатып, оны психиатрда мәжбүрлі түрде амбулаторлық емдеу үкімін шығарған.