Пекинде Қырғызстан президент Сооронбай Жээнбеков пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин екіжақты стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Қырғызстан президенті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұдан өзге он шақты құжатқа қол қойылды. Олардың арасында қайтарымсыз техникалық және экономикалық көмек көрсету туралы үкіметаралық келісім және Қытай - Қырғызстан газ құбырын салу және оны пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама бар.
Жээнбеков Пекинде 8 маусымға дейін болады. Бұдан ары ол Қытайдың Циндао қаласына барып, 9-10 маусым күндері өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдері басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысады.
Сооронбай Жээнбеков сапары барысында Қытай премьер-министрі Ли Кэцянмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиынының тұрақты комитетінің төрағасы Ли Чжаньшумен кездесуді жоспарлап отыр.