Қырғызстан Жоғарғы соты үш саясаткердің жаза мерзімін азайтты

Қырғызстандық саясаткерлер (солдан оңға қарай) Эрнест Карыбеков, Бектур Асанов және Кубанычбек Кадыров.

Қырғызстан Жоғарғы соты үш оппозициялық саясаткерге айыптау үкімінің күшін сол күйінде қалдырып, жаза мерзімін қысқартты.

Сот шешіміне сәйкес, Бектур Асанов пен Кубанычбек Кадыровке кесілген 12 жыл жаза мерзімі сегіз жылға дейін қысқартылған. Ал 20 жылға сотталған Эрнест Карыбековтің мерзімі алты жылға дейін азайтылған.

Үш саясаткер 2016 жылдың наурыз айында ұсталған. Сол жылы интернетте сотталушылардың дауыстарына ұқсайтын аудиожазба пайда болды. Онда үкіметті құлату жайында талқыланған. Оларды қамауға алғанға дейін Асанов жазбаның жалған екенін, "оппозицияны бопсалау үшін әдей жасалғанын" мәлімдеген.

2017 жылы 17 мамырда Бектур Асанов пен Кубанычбек Кадыров "билікті күшпен басып алуға немесе күшпен ұстап тұруға дайындалды" деген айыппен, Эрнест Карыбеков "аса ауыр қылмысты жасырды" және "мемлекетке сатқындық жасады" деген айыптармен сотталған.

Биыл ақпан айында Бішкек қаласының Первомай аудандық соты оларға шыққан үкімді күшінде қалдырып, арнайы қызметтің тергеу абақтысынан Бішкек шетіндегі түрмеге аударған.