Сирияның солтүстік-батысында 7 маусым күні кешке жасалған әуе шабуылдарынан кем дегенде 44 адам қаза тапты деп хабарлады Ұлыбританияда орналасқан Syrian Observatory fo Human Rights (SOHR) ұйымы.
Бейбіт тұрғындардың, оның ішінде балалардың әуе шабуылынан қаза тапқанын "Ақ каска" ұйымының құтқарушылары да растап отыр. Кейбір деректер бойынша, шабуылдан 60-қа тарта адам жараланған. Жаралылардың біразы ауыр халде жатқандықтан, құрбандар саны ұлғаюы мүмкін деген болжам бар.
Әуе шабуылы Идлиб провинциясының Зардана елді мекенінде жасалған. Бұл аймақты сириялық көтерілісшілер бақылайды. SOHR әуе шабуылын Ресей ұшақтары жасаған болуы мүмкін деп болжайды. Ресей әскери қолбасшылығы бұл ақпаратқа әзірге комментарий бермеді.